Мемлекет басшысының қатысуымен жыл сайынғы Тамыз конференциясы 2019 жыл, 16 тамыз. Нұр-Сұлтан қ.

ARQA агенттігі қызметкерлері  "Bilim jáne Gylym - 2019" атты Тамыз конференциясына қатысты.

Жаңа 2019-2020 оқу жылының қарсаңында Тәуелсіздік сарайында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Конференцияға қатысушылардың арасында еліміздің барлық өңірлерінен мұғалімдер, колледж және ЖОО оқытушылары, ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері болды. Білім және ғылым саласында болып жатқан өзгерістерді басқару мәселелері талқыланды, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылды. Конференция барысында білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер және жаңалықтар бойынша тақырыптық алаңдар  ұйымдастырылды, педагогтарды марапаттау рәсімі өткізілді.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж. Қ. Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде білім беру сапасын жақсарту бойынша жоспарланған кешенді шаралар туралы айтып, еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеудегі мұғалімнің рөліне тоқталып, "педагог мәртебесі туралы"заң жобасын аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.

"Біз бәріміз Қазақстанды гүлденген және дамыған ел етуге ұмтыламыз. Оған апар жол - сапалы, қолжетімді және заманауи білім. Қазір осы саланы дамытуға жаңа, қуатты серпін беру маңызды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, ҒЗИ директорлары үшін тамыз конференциясы шеңберінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жоғары білім берудің ғылыми және педагогикалық қызметкерлерінің "Жоғары білім мен ғылымның интеграциясы" тақырыптық алаңын ұйымдастырды. Оны өткізу мақсаты − ғылым мен жоғары білімнің ағымдағы жағдайын талдау, басқару және ұйымдастыру саясатын өзгерту, жоғары оқу орындарындағы академиялық саясаттың тиімділігін арттыру.

Спикерлер мен модераторлар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің, цифрлық даму Министрлігінің, Аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Назарбаев Университетінің, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми ұйымдардың, сондай-ақ жоғары оқу орындарының өкілдері болды.