Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігінің кеңейтілген алқасы

2019 жылғы 5 қыркүйекте ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген Алқасы өтті. Оған ARQA Агенттігі директоры Азамат Касымханов қатысты.Отырыс барысында Мемлекет басшысының "Сындарлы диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында білім мен ғылымның негізгі міндеттері белгіленіп, басқа да өзекті мәселелер қаралды.

Кеңесті ашқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: "Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында қоғамның өзекті мәселелері көрініс тапты. Бұл балалар құқығын қорғау, жоғары білім беру сапасын арттыру, шағын жинақты және толық жиынтықты мектептер арасындағы, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім сапасы айырмасының мәселелері, кәсіптік бағдар беру және т. б. мәселелер. Үкімет пен Білім және ғылым министрлігіне нақты тапсырмалар берілді. Біздің міндетіміз − осы тапсырмалар бойынша шұғыл шаралар қабылдау және оларды іске асыруды бастау".

Отырыстың пленарлық бөлімінде Министрліктің, облыстық білім басқармаларының қызметкерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Олар осы міндеттерді шешудің негізгі жолдарын, соның ішінде білім беру жүйесіне қандай өзгерістер енгізу керек және қандай бағыттарда қозғалу керектігін көрсетті.

Кеңейтілген Алқаға қатысушылар секциялық отырыстарда тақырыпты егжей-тегжейлі талқылауды жалғастырды, онда пәрменді шаралар қабылдау бойынша нақты ұсыныстар тыңдалды.

Пленарлық бөлімнің қорытындысын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тұжырымдап, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын жүзеге асыру бойынша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау бойынша шаралар қажет екенін атап өтті.